Елдар Құдайбергенов фото

Елдар Құдайберген

Қазақ тіліндегі жеке блог

Urker 2025: «Үздік подкаст» номинациясы туралы

Жақында Urker өтіпті, ол жерде LStories деген жоба "Үздік подкаст" атаныпты. Ляйла Султанкызы, құтты болсын! Алайда осы жерде атап өте кететін бір мәселе болып тұр: "Үркердің" сайтында подкастқа қатысты "подкастың барлық эпизодттары подкаст хостиңінде жариялануы керек. Өтінімге подкастың RSS-арнасының сілтемесін жолдау керек" деген талабы бар. Оны кезінде өзіміз атсалысып жүріп енгізгенбіз. Алғашқы жылы бұл номинацияда Әйнел Әмірханның "OY-DETOX" деген подкасты жеңді. Оның жасап жүрген дүниесі "Үркердің" "Үздік подкаст" номинациясында қойылған талапқа 100 пайыз сай: барлық эпизодтары подкаст-хостиңге жарияланған және оның RSS-арнасы бар.

Ал енді сұрақ: биылғы жеңімпаз LStories-тің RSS-арнасы қайда? Мен өзім білетін подкаст дерекқорларын екі мәрте ақтарып шығып, оны еш жерден таба алмадым, іздеу жүйелері де, ЖИ-лар да еш нәтиже бермеді.

Егер LStories жобасының RSS-арнасы жоқ болса, онда ол жеңуді былай қоя тұрғанда, іріктеу кезеңінен қалай өтті? Бұл сұрақ екі тарапқа да бағытталады: ұйымдастырушы тарап өнімнің өз талаптарына сәйкестігін тексеруі керек еді, ал қатысушы тарап конкурстың талабына сай жоба жолдауы керек емес пе?

Егер Ютубта жатқан, бірақ RSS-арнасы жоқ жоба "Үздік подкаст" номинациясына қатыса алса, онымен қоймай, жеңіп шыға алса, онда бұл номинацияның "Үздік YouTube-арна" номинациясынан не айырмашылығы бар?