Елдар Құдайбергенов фото

Елдар Құдайберген

Қазақ тіліндегі жеке блог

ЖИ туралы мақсат: осыған дейін болмаған нәрсе жасау

Көріп отырмыз, жағдай жақсаратын түрі жоқ. Мәселені өз қолымызға алмасақ болмайтынына мың рет көзім жетті. Мен мұны ішім пысқандықтан ойлап тапқан жоқпын. Біреудің шектеп бергеніне мәз болып отырудан, біреудің жасағанына таңғалып, сол туралы жаңалықтың аудармасын ғана оқудан шаршағандықтан бастадым. Осы ұсынысымнан дым шықпаса да - "неге жай ғана істеп көрмеске?" деймін де.

Бір жақсы жері біз қазір ЖИ бойынша нөл емеспіз. Бұған дәлел Higgsfield - алғашқы Қазақстандық Unicorn - қазір оны 1 миллиард АҚШ долларына бағалап отыр. Әдемі ғо? Енді осы толқынды ары қарай іліп алып кету керек деп ойлаймын.

Міне, дәл осындай ойлардан кейін төмендегі мәтін пайда болды 👇

ёЖасанды интеллект - қазіргі интернеттің шыңы. Қаласаңыз, оны Эверест десек те болады. Мен ойлаймында: неге бізге сол шыңды бағындырмасқа? Технологияның қарқынды дамыған заманында бізге не кедергі? Шындығында - дерлік ештеңе. Ескі өзіміз ойлап тауып алған "шектеулерді" тастайық, екі қолға бір күрек алып, қаза берейік - қаза берейік те, алтын таппайынша тоқтамайық.

Алдымен бізге ағылшын тілі керек. ЖИ туралы мен тұтынып жүрген ақпараттың 100%-ы ағылшын тілінде. Иә, басқа тілдерде де материал бар, бірақ ағылшынсыз бүгінгі заманда инновация жасауға болады дегенге сену қиын. Негізі бізде қазу үшін бірнеше күрек болады, сол күректердің бірі осы тіл. Алдыңғы постта жазған сервер, домен, сайт, пошта сияқты нәрселер - бұлар десеңіз интернеттің әліппесі. Осыларды бағындырып алған соң, басқа нәрселерді жасау оңай болады (деп ойлаймын десең 😁).

Мен осындай екі қоянды бір оқпен ататын шешім таптым. Біз бірге ағылшын тіліндегі сабақтар мен нұсқаулықтарды қолданып жеке сервер көтеріп, сайтымызды жасап үйренеміз. Мен стрим бастаймын - ал сіздер қосылыңыздар. Сөйтіп, осы жолды бірге өтейік. Тілді де үйренеміз, жеке сайтымызды да жасаймыз.

Осылай қарапайым нәрселерді жасап үйренген соң біз әлемдегі ЖИ бойынша ТОП, нөмірі БІР университеттердің ең мықты, жаңа, ашық курстарын бірге өтеміз. Әрине, ағылшын тілінде. Ол кезде біздің ағылшымыз да әжептәуір болып қалады. ЖИ сияқты нәрселерді жасау үшін IELTS 7-8-9 болуы міндетті емес. Тілді үйреніп, бұл курстарды өтудегі мақсат: осыған дейін болмаған нәрсе жасап шығу. Бұл дүние біз ойлағандай қиын емес екен, біздің де қолымыздан келеді екен. Дәлел - Higgsfield.

Ескертулер: бұл ұзаққа созылатын шара. Қатысу тегін. Мен ағылшын тілі мұғалімі емеспін. Менде сызып қойған "жол картасы" жоқ, әзірге бәрі динамика. Ешкімге ешқандай кепіл бере алмаймын - әркім өз дамуына жауапты. Жап-жаңа нәрсе жасауда менің аз-маз тәжірибем бар + біз бұл жолда жалғыз болмаймыз. Қатысамын десеңіздер - қосылыңыздар. Стрим ютубта, ал чат Телеграмда болады.

Әзірге осы ✌️

Бұл пост ең алғаш рет фбда жарияланған.